Ораза айт мейрамы құтты болсын!
Бүгін жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт мейрамы
Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қимай
қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді. Әнәс (р.а.) былай риуаят етеді: «Расулуллаһ Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар: «Жәһилдік (Исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік» – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап былай деді: «Аллаһ ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі Құрбан айт, екіншісі Рамазан айты». (Әбу Дәуіт, Салат 239; Ахмет бин Ханбәл III 103, 235).
Айттың мән-мағынасына келсек, Айт – қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді екен. Аллаһ Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталады.
Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да ерекше мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар шақырылады. Сонымен қатар, жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалдырылмайды. Бұл күндері туған-туыстар бір жерге жиналып немесе зират басына барып өмірден озған жақындарының әруағына бағыштап құран оқиды.
Арада қаншама ғасыр өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мейрамның әдеттегілерден негізгі еркшеліктері – адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді.
Қасиетті Рамазан айынан кейін келген ұлық мереке – Ораза Айт баршамыз үшін құтты болсын! Туған Отанымыз – Қазақстанымыз бейбітшілік пен татулықтың құшағында өсіп-өркендеп, ана тіліміздің мәртебесі арта берсін, ислам діні қанатын кеңге жая берсін! Қазақстандағы әрбір шаңырақтың құт-берекесі молая түссін!
Әне-міне дегенше Рамазан айы да аяқталып қалды. Халқымыз берекелі Рамазанды барынша ынта-ықыласымен құлшылықпен, тақуалықпен өткізіп, Жаратқаннан елге жақсылық тілеп, дұға жасады. Алланың мейірімінен үміт етіп, ораза ұстады. Осы орайда Құрметті Рудный қаласының тұрғындары Сіздерді мұсылманның ұлық мерекесімен құттықтаймын! Алла тағала әрбір шаңыраққа мол ырыздық-несібе, берекелі ғұмыр берсін.
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, қайырымдылықтың мерекесі.
Айт күні ең алдымен ғұсыл-дәреттеніп, жақсы-таза киімдерін киіп, ер адамдар мешітте Айт намазын оқиды. Бұл күні сәресі ішудің қажет жоқ. Тек, айт намазына шығарда құрма сияқты тәтті жеміс жеп шықса болады. Биылғы Карантиндік шектеулерге орай айт намазы сыртта мешіт ауласында оқылады, сол үшін әркім өз жайнамазын әкелуі қажет. Айт намазы мамыр айының 13 күні таңғы сағат 07.30-да оқылады.
Намаздан соң көрші-көлем, ағайын-туыстарын айтпен құттықтап, бір-біріне айттық сыйлықтарын берсе болады. Жалпы, «Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту» деген мағыналарды білдіреді. Сыйлықты әсіресе балаларға берген абзал. Себебі оларға дәстүрлі мерекені насихаттау мақсатында. Сонымен қатар кембағал-мұқтаждардың көңілін көтеріп садақа беру, науқас жандарға шифа тілеу, марқұмдарды еске алып, құран оқу сауапты амалдар.
Бектұрсын УӘЛИЕВ
«Нұр» мешітінің бас имамы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31