«Елім» деп соққан жүрегі
Сарыарқаның кең даласы, Шығыс Қазақстан облысында Қасымқайыр Қазыбайұлы Дүйсенбаев 1930 жылы желтоқсан айында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысына тура келіп, 11 жасынан еңбек майданына араласып, колхоз жұмыстарына көмек еткен.
Кейіпкеріміз мектепті өте жақсы бағалармен бітіріп, Алматы тау-кен институтын тәмәмдап, инженер мамандығын алып шығады. 1956 жылдан бастап, Соколов Сарыбай кен байыту комбинатына жұмысқа орналасып, осы кен орнында 40 жыл бойы еңбек еткен. Жұмысқа білек сыбана кіріскен ағамыз білікті, білімді мамандар қатарынан орын алады. Әуелгі он бес жылын Сарыбай кенішінің басқармасында тау-кен шебері бола білді. Кейіннен учаске бастығы, кеніштің бас инженері, бастығы қызметтерін өте жақсы басқарған. Ерекше еткен еңбегін үкіметіміз жоғары бағалап, «Ленин» және «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдермен марапаттады. Бұл Қасымқайыр ағаның үлкен еңбегінің жемісі болатын.
Кең далада кен-байлықтың өндірілуіне өлшеусіз үлес қосқан, нағыз жас еңбекшіл азаматтың бұл күнде жасы 90-ға келсе де, әлі тың, жүрісі ширақ. Өтпелі өмір ой жайлы ақсақалмен сұхбат-тасқанда, тарихи әңгімелерге құлақ салғандай боласыз. Рудный қаласының іргетасын қалаушылардың бірі, артына өшпестей із қалдырған ағаны тұрғындар қатты құрмет етеді. Басынан өткен дәуір кезеңдері есінде сақтаулы. Олар жөнінде естеліктер жазып, өлең жырлармен сипаттай білген. Жер қойнауынан қазыналы байлық шықса, ағамыз жүрегінен асыл сөздер шығып, шынайы сезімді өлеңдері арқылы өріліп отырған. Бұл біздер үшін, келешегіміз үшін ұмытылмас естелік, әрі мақтан етер қуанышымыз.
Рудный қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде түрлі шараларға қатысып, өмір жолы туралы әңгіме өрбітеді. Шығармаларынан үзінділер оқиды. Мектептегі мерекелерге де қатысып, ақ батасын беріп жүреді. Қазақ КССР-не еңбегі сіңген кенші Рудный қаласының құрметті азаматы да атанған.
Өмірден көргені мен жиғаны көп. Өндіріс орнындағы кездерді де, туған жерге, өскен ортаға деген сүйіспеншілігі де қаламгердің жырларында айқын сезіліп тұрады.
Мұнымен қоса, егеменді еліміздің тұғырлы орны, көк туымыздың биіктен көрінуіне бағытталған шумақтары да бар. Өзінің еңбек жолындағы өмір баспалдақтарын қамтыған Тарих тағдырынан үзінділер», «Өмір тағдыр құдіреті», «Туған күндер суреті»,«Жырларым менің» атты 4 өлеңдер жинағы жарық көрген.
Иә, қазыналы ағамыздың сырлы да, шынайы өлеңдерінен оқырмандар қол үзбейді. Солардан үзінділер келтіре кетейін. «Балалық шақ » өлеңінде:
Жалаң аяқ, жалаң бас
Біз ауылда өскенбіз.
Бұзауға мініп жарысып,
Көмбемізге жеткенбіз.
Бірде тойып, бірде аш
Талай сыннан өткенбіз.
Жаз жадырап, қыс жаурап
Бәрін бастан кешкенбіз, деп балалық шағын еске алса, «Тылда» өлеңінде:
Соқаға өгізбенен сиыр жегіп,
«Өк-өк» деп жерді жыртып, егін егіп
Кемпір-шал, бала-шаға еңбек етті,
Аянбай жеңіс үшін терін төгіп,
Шөп шаптық, қабырғаны қайыстырып,
Маялап бұғананы
майыстырып.
Қыс бойы «тас балдақпен» не болмаса
Ат айдап, астық
бастық, жайма жайып, деп, сол кездің ащы ақиқатты аша түскен.
Рудный қаласы ірі өндіріс ошағына айналғанда, кеншілер туралы мынадай ой шумақтары өріле түскен:
Кен байлық, қуат күші елдігімнің,
Көтерген кеншілерім ауыр жүгін.
Ұрпақтар жалғастығы
қуантады,
Арманды ертеңіме сенімдімін, деп, қуана шабыттана жырына қосады.
Ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздік күніне ақын ағамыз көсілте қалам тербегенін мына шумағынан айқын аңғарамыз:
Қайта жасап келемін өмірімді,
Тәуелсіздік көркейтіп көңілімді.
Егеменді елімнің бостандығы,
Қуанышқа бөледі сенімімді.
Дараланған ұлы тұлға Қасымқайыр ағаның жүрегінен әлі талай жырлар төгілері анық.
Жаңа жырлар, талғамы биік өлеңдер әкелуге, ағамыздың шабытымен ой-өрісінің кеңдігі жетерлік. Бар күш-қуатын елі үшін сарп еткен ардақты ардагердің «Отан», «елім» деп соғар жүрегінен талай туындылар шығары сөзсіз.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бақытқа кенеліп отырған ағамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Көкірегіндегі орден-медальдары жарқырап, арамызда батагөй аға жүре берсін!
Міне, ардақты ардагер ағамыздың республика деңгейіндегі дербес зейнеткер екені де белгілі. Қасымқайыр ағамыздың көсемдігі мен көрегендігі туралы, өмір жолдарынан осылайша деректер келтірдім.
О аға! Жарқын жүзді, пейілің кең,
Бойыңа талант дарын шабыт берген.
Ұрпақтар өзіңізден өнеге алып,
Алланың нұры жауса сонау көктен.
Сүндет МОЛДАШЕВ
газета «Рудненский рабочий»
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31