Ел бірлігі – оның әралуандығында
Бүгінде еліміз бойынша 2786, ал Қостанай облысында 233 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істеп тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған үшбу ұйым келелі мәселелерді шешуде қандай жұмыстар атқаруда? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын кеңестің Рудный қаласындағы төрағасы Жаңбыршы Тілеуғабыловтан сұраған болатынбыз.
Бірлігі бекем елге ғана ешкім тіс батырып, тізе бүктіре алмайды. Сонау 1995 жылы құбылмалы кезеңде құрылған Ассамблеяның бүгінде буыны бекіп, бұғанасы қатайды. Басты мұраты – қырық рудан құралған жұртты бір мүддеге жұмылдыру, тұрақтылықты сақтау, қызыл кеңірдек болып керіскеннің келіспейтінін, керісінше кетісетінін ұғындыру, ынтымақ түбі ырыс екенін түсіндіру болса, сол міндетті қал-қадірінше орындап келеді.
Алпауыт мемлекеттермен салыстырғанда бізде аз ұлттар ұғымы қолданылмайды. Барлық этностың құқығы мен бостандығы бірдей, үлкен-кіші деп жіктелмейді, біртұтастық ұғымына негізделген.
– Енді ел қуатын арттырған бірлікті сақтау – жер-жердегі қоғамдық келісім кеңестерінің негізгі міндеті
Біріншіден, біз қаламыздағы ұлттардың татулығын сақтап, ұлтаралық тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайтуға күш салып келеміз.
Екіншіден, әрбір этностың тарихи құндылықтарын ескере отырып, дамып өркендеуіне жағдай жасап отырмыз.
Үшіншіден, этностармен ортақ тарихи тағдырымызды насихаттауға көңіл бөлудеміз.
Сонымен қатар азаматтық белсенділік, қоғамдық бастама мен қоғам мен әлеумет, өңір мен аймақ үшін маңызды жобаларды, бағдарламаларды қолдап отырмыз. Қоғамдық келісім кеңесі қандай да бір дауды, келеңсіздік пен қақтығыс, келіспеушілікті шешеді және әлеуметтік шиеленіс көзінің пайда болуын болдырмау үшін жұмыс істейді, – дейді Жаңбыршы Тұқатұлы
Республика бойынша қоғамдық келісім кеңесіне 25 мың адам мүше болса, Рудныйдағы өкілдікте 5 адам бар. Оның біреуі – жергілікті әкімшіліктен, қалғаны – қаланың белсенді азаматтары.
– COVID-19 індетіне байланысты елде карантин жарияланысымен қалалық қоғамдық келісім кеңесі «Біз біргеміз!» акциясына білек сыбана кірісті. Біз полиция басқармасының қолдауымен тұрмысы төмен 5 отбасыға азық-түлік пен дәрі-дәрмек алып бердік. «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп 400 мың теңгеге ең қажетті дәрі-дәрмек пен бетперделер алып, 58 отбасыға үлестірдік.
Бұдан бөлек жыл басынан бері қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, 284 аз қамтылған, көп балалы отбасы мен 71 мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз басты ардагерлерге 1 млн 463 мың теңгенің көмегін көрсеттік, – дейді Жаңбыршы Тілеуғабылов.
Қоғамдық келісім кеңесі тұрғындардың арыз-шағымы бойынша да қаладағы дәріханаларды аралап, бетперде мен дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өспеуін бақылауына алған. Көшедегі қақпағы жоқ кәріз құдықтары бойынша әкімдікпен жүйелі жұмыстар жүргізіп, мәселенің оң шешілуіне мұрындық болды. Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне, қазақ тіліндегі «мүгедек» маңдайшалар мен жарнама тақтайшаларының қатесіз жазылмауына да бар күшін салуда.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ
газета «Рудненский рабочий»
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31